Чемпиондар лигасындағы «Қайраттың» қарсыласы анықталды

Дастан Кенжалин

Алматылық «Қайрат» командасы футзалдан Чемпиондар лигасының жартылай финалында Испанияның «Картахена» командасымен ойнайды, деп хабарлайды Ulyssport.

 

Ашық дереккөздерден алынды

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл дүбірлі доп додасының финалдық кезеңіне өткен командалардың бәрі де кілең мықты ойыншылардан жасақталғанын айта кету керек.

Егер жартылай финалда алматылық ұжым қарсыласынан басым түсіп, жеңіске жеткен жағдайда ақтық сында «Пальма» (Испания) мен «Спортинг» (Португалия) жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Жартылай финалдың кездесулері 2 мамырға белгіленген. Финал 4 мамырда өтеді.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Алматылық команда бұл дүбірлі доп додасында 20 рет бақ сынаған. Сөйтіп Еуропа құрлығындағы футзал командалары арасында абсолютті рекордты тіркеді.

2012-2013, 2014-2015 жылдардағы маусымда «Қайраттың» футболшылары Чемпиондар лигасында топ жарып, екі рет жеңіс тұғырына көтерілген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Чемпиондар лигасының элиталық кезеңінде «Қайрат» командасы Загреб қаласында (Хорватия) алаң иелері – «Футзал Динамоны» 5:1, «Олмиссумды» 1:0. словакиялық «Мимел Лученецті» 4:2 есебімен жеңген.