Балуан Ұлан Рысқұл басшылық қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Ulyssport.
Жетісу облысы әкімінің өкімімен Ұлан Ғалымұлы Рысқұл Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.
«Қазақ барысының» үші дүркін чемпионы өңір спортын бұған дейін де басқарған. Ол 2023 жылғы 16 наурызда тағайындалып, 2024 жылы қызметінен босатылған. Содан бері басшының орны бос тұрған еді.
Ұлан Рысқұл 1986 жылы туған, білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құқықтану, Д.А.Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университетін қаржы, Аймақтық әлеуметтік-иновациялық университетін дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша бітірген.
Дзюдодан Қазақстанның 3 дүркін чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы, Әлем кубогының күміс жүлдегері. «Қазақстан Барысы» турнирінің тұңғыш жеңімпазы. Қазақ күресінен ҚР спорт шебері.
Еңбек жолын Астана қаласында ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт істері комитетінің «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМҚК дзюдодан (ерлер) ҚР ұлттық штаттық командасының нұсқаушы-спортшысы болып бастаған.
Әр жылдарда ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру агенттігінің дзюдодан (ерлер) ҚР ұлттық штаттық командасының нұсқаушы-спортшысы, «Bagueri Asia» ЖШС менеджері, «Халықаралық «Qazaq kuresi» федерациясы» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің бас хатшысының кеңесшісі, бас хатшысы лауазымдарын атқарды.