Белгілі қазақстандық фристайлшы Жанбота Алдабергенова спорттық мансабын аяқтайтыны туралы жүрек тебірентер хат жазды, деп хабарлайды Ulyssport.
ДӘЙЕКСӨЗ
Әр басталған нәрсенің соңы болады. Маған әуеде қалықтаудың ләззатын сыйлаған FREESTYLE-ға шексіз ризамын. Бұл сәттерді қатты сағынатын боламын! Маған әлемді аралауға мүмкіндік сыйлағаның үшін рахмет. Рухы мықты, ерекше жандармен таныстырғаның үшін алғыс айтамын. Қажырлы еңбегі мен зор қолдауы үшін командама, сондай-ақ менің спорттық жолымда бірге жүрген барша жанға шексіз ризашылығымды білдіремін, - деп жазды ол Инстаграм парақшасында.
ЖЕТІСТІКТЕРІ
Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Жанбота Алдабергенова спорттық мансабында әртүрлі деңгейдегі жиыны 125 додаға қатысқан. Оның ішінде 3 қысқы Олимпиада ойындарына, 8 Әлем чемпионатына, 54 Әлем кубогының кезеңіне, 4 жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында және басқа да дүбірлі сайыстарда өнер көрсетті.
ҮЛКЕН СПОРТТАН НЕГЕ КЕТТІ
Жалпы, 14 рет жеңімпаз атанып, 33 рет жүлдеге қол жеткіздім. Өкінішке қарай, Олимпиада ойындарында медаль бұйырмады. Демек, Қазақстанда бұл тарихи жетістікке жететін спортшы мен емес болғаным ғой. Дегенмен, еліміздің фристайл-акробатикасына зор үлес қосқанымды және осы спорт түрінде әзірге ешкім жетпеген нәтижеге қол жеткізгенімді мақтанышпен айта аламын (мақтанғаным емес, бұл шындық). Мен Қазақстаннан Олимпиада чемпионы шығатынына сенемін және соған үлкен үміт артамын. Ал мансабымды аяқтауымның басты себебі – өткен маусымның желтоқсанында алған жарақатым. Денсаулық мен үшін бәрінен маңызды, – деп жазды Алдабергенова.