Елдос Сметов үлкен спорттан кете ме? Жеке бапкері нүктесін қойды

Дастан Кенжалин

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов үлкен спорттан әзір кетпейді. Бұл туралы дзюдошының жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев айтты, деп хабарлайды Ulyssport Sportbugin.kz-ке сілтеме жасап.

Ulysmedia.kz коллажы

- Елдос қазір Лондонда. Бұйырса, мамырда елге оралады. Қазір тіл үйреніп, арасында жаттығуын да жасап жүр. Мен өзім Таразда, кішкентай шәкірттеріммен біргемін. Ұлттық құрамада жоқпын. Елдос әрі қарай күресемін деген соң, әдеттегідей тек Сметовпен жұмыс істеймін деп шештім.

Елдос елге оралған соң, жаттығуды күшейтеді. Содан кейін қандай жарысқа қатысатынымызды да бағамдай жатармыз. Елдос қазір тарихты жаңартсам, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында күрессем деп жүр. Енді әрі қарай дайындаламыз, дейді Жылгелдиев.

Айта кетейік, Елдос Сметов дзюдодан барлық атақты жеңіп алған жалғыз қазақ балуаны. Ол әлем чемпионы (2015), Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы (2014), Олимпиада чемпионы (2024), Олимпиаданың күміс (2016) және қола жүлдегері (2021).