Екі салмақтағы бұрынғы UFC чемпионы Конор Макгрегор Ирландия президенттігіне үміткер болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Ирландиядағы президенттік сайлау 2025 жылғы 11 қарашаға жоспарланған. Бұл қызметті 2011 жылдан бері Майкл Хиггинс атқарып келеді.
Әйгілі аралас жекпе-жек шебері Конор Макгрегор Сент-Патрик күні АҚШ президенті Дональд Трамппен Ақ үйде кездескеннен кейін өз кандидатурасын ұсыну ниетін мәлімдеді, деп жазады РИА Спорт.
Макгрегор Еуроодақтың миграциялық пактіне қарсы екенін айтып, егер сайланса, бұл мәселені референдумға шығаратынын жеткізді.
Үкіметке және бұл заң жобасына кім қарсы тұра алады? Олар ұсынатын кез келген басқа кандидат бұған батылдық танытпайды. Ал мен мұны жасаймын," – деп жазды Макгрегор Instagram парақшасында. Сондай-ақ ол "Ирландияны қайтадан ұлы елге айналдырайық" деген жазуы бар бейсболка киіп түскен суретін жариялады.
36 жастағы Макгрегор 2021 жылғы шілдеде UFC 264 турнирінде америкалық Дастин Порьеге қарсы жекпе-жекте аяғын сындырып, содан бері рингке шықпаған. Ол 22 жеңіс, 6 жеңіліс көрсеткішіне ие және бұрын жеңіл және жартылай жеңіл салмақтағы UFC чемпионы атанған.