Футболдан Қазақстан құрамасына 4 жылдан кейін оралған жартылай қорғаушы Георгий Жуков Лихтенштейнмен матч алдындағы команданың көңіл-күйі туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulyssport 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Айта кетейік, Жуков Уэльске қарсы болған ойында алаңға 62-минутта шығып, матч соғына дейін ойнап шықты.
«Қазір командада болашағынан үміт күттіретін көптеген жігіт бар. Біз бар күшімізді салып, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Ұлттық құрамаға оралғаныма қуаныштымын. Жанкүйерлер мені жылы қабылдады. Уэльспен ойынымды мақтап жатқандар көп. Бүкіл пікірді оқыдым. Алғысым шексіз», - дейді футболшы.
Бір кездері футболшы Қытайда ойнаған тұста ұлттық құрамаға келе алмайтынын айтқан еді. Бұл жағдай сол кездегі бас бапкер Магомед Адиев пен жанкүйерлерге ұнамаған. Футболшы сол үшін кешірім сұрау керек болса дайын екенін айтты.
«Құжаттармен ешқандай мәселе жоқ. Ұлттық құрамаға шақыртуымды ұзақ күттім. Мен құраманың намысын қорғаудан бас тартамын деп ешқашан айтқан емеспін. Қытайда карантин болды – бұл менің жауапкершілігімдегі нәрсе емес. Құрамаға шақыртуды еңбегіңмен дәлелдеу керек. Өз тарапымнан айтарым, маған ел намысын қорғауға тағы да мүмкіндік бергені үшін бас бапкерге алғыс айтамын. Егер бұрынғы сөздерім біреуді ренжіткен болса, кешірім сұраймын», – деді Жуков матч алдындағы сұхбатында.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы 25 наурыз күні Лихтенштейнмен сырт алаңда кездеседі. Матч Астана уақытымен 26 наурызға қараған түні 00:45-те басталады.