Қазақстан Су спорты түрлері федерациясына жаңа президент сайланды

Дастан Кенжалин

Қазақстан Су спорты түрлері федерациясына жаңа президент сайланды, деп хабарлайды Ulyssport.

Фото: ҰОК

Жиын барысында спорттық ұйымның президенті Андрей Крюков өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеді. Ол бұл қызметті 2019 жылдан бері атқарып келген.

Оның орнына Нұрлан Жақыповтың кандидатурасы ұсынылып, жиынға қатысушылар оны бірауыздан қолдады. Федерацияның вице-президенті болып Мират Өтепов сайланды.

Андрей Крюков әріптестеріне бірге атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, жаңа басшылық Қазақстандағы су спортын дамыту бағытын жалғастыратынына сенім білдірді. Өз кезегінде, Нұрлан Жақыпов халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, спортшыларды даярлау жүйесін жетілдірудің және тұрақты спорттық резерв қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан Су спорты түрлері федерациясы 1998 жылы құрылған. Федерация жүзу, су добы, әртістік жүзу, суға секіру және ашық суда жүзу спорт түрлерін қамтиды.