Асхат Тағыберген "Тобылға" оралды: футболшы не дейді

Дастан Кенжалин

Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген ресми түрде қостанайлық клубтың ойыншысы атанды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulyssport.

Google

Бұл – Асхат Тағыбергеннің «Тобылға» үшінші рет келуі. 

Сонымен қатар, Тағыберген шымкенттік “Ордабасынан” кетуіне қатысты пікір білдірді. 

- Менің “Ордабасы” командасындағы жорығым аяқталды. Қолдауларыңызға көп рақмет. Ыстық қолдау болды. Қаншама жақсылықтан да, қиыншылықтан да бірге өттік. Ешкімге ешқандай реніш жоқ деп ойлаймын. Енді Қазақстанның футбол алаңдарында кездесеміз деген ойдамыз, дейді Тағыберген. 

ШЫМКЕНТ ӘКІМІ НЕ ДЕДІ

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков Асхат Тағыбергеннің 20 млн теңге жалақы алатынын, алайда соған лайықты ойнай алмайтынын айтқан болатын. Артынша әкімнің бұл мәлімдемесі қоғамда қызу талқыға түсті. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін шымкенттік «Ордабасының» капитаны Асхат Тағыбергеннің әйелі Махаббат Тағыберген Шымкент әкіміне жауап берген болатын. Махаббат Тағыберген күйеуін мақтан тұтатынын айтты. 

- Әйелі ретінде мен Асхаттың футболға қосқан үлесімен және әділ ойнап, бар күшін салатын қағидаларымен мақтанамын. Ешкіммен айтысып, салғыласпаймын, бірақ әділетсіздікке үнсіз қалу да дұрыс емес. Әр жанкүйерді құрметтеймін, бірақ бір маусыммен ғана баға бермей, жақсы сәттерді ұмытпайық. Қолдауларыныз үшін алғысым шексіз!, дейді спортшының әйелі. 

Сонымен қатар Махаббат Тағыберген жалақыға қатысты сөз жалған екенін тұспалдағандай болды.