Асхат Тағыбергеннің «Тобылда» қанша жалақы алатыны белгілі болды

Дастан Кенжалин

«Ордабасы» клубынан «Тобылға» ауысқан Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыбергеннің жаңа клубта шамамен қанша жалақы алатыны белгілі болды, деп хабарлайды Ulyssport 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

championat.com

Тағыбергеннің Қостанайдағы жалақысы Шымкенттегіден кемі 3 есеге аз болады. Бұл туралы Gasyrfootball порталы жазды.

Бұл – Асхат Тағыбергеннің «Тобылға» үшінші рет келуі.

Бұған дейін Тағыберген шымкенттік “Ордабасынан” кетуіне қатысты пікір білдірген болатын. 

- Менің “Ордабасы” командасындағы жорығым аяқталды. Қолдауларыңызға көп рақмет. Ыстық қолдау болды. Қаншама жақсылықтан да, қиыншылықтан да бірге өттік. Ешкімге ешқандай реніш жоқ деп ойлаймын. Енді Қазақстанның футбол алаңдарында кездесеміз деген ойдамыз, дейді Тағыберген. 

ШЫМКЕНТ ӘКІМІ НЕ ДЕДІ

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков Асхат Тағыбергеннің 20 млн теңге жалақы алатынын, алайда соған лайықты ойнай алмайтынын айтқан болатын. Артынша әкімнің бұл мәлімдемесі қоғамда қызу талқыға түсті. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін шымкенттік «Ордабасының» капитаны Асхат Тағыбергеннің әйелі Махаббат Тағыберген Шымкент әкіміне жауап берген болатын. Махаббат Тағыберген күйеуін мақтан тұтатынын айтты. 

- Әйелі ретінде мен Асхаттың футболға қосқан үлесімен және әділ ойнап, бар күшін салатын қағидаларымен мақтанамын. Ешкіммен айтысып, салғыласпаймын, бірақ әділетсіздікке үнсіз қалу да дұрыс емес. Әр жанкүйерді құрметтеймін, бірақ бір маусыммен ғана баға бермей, жақсы сәттерді ұмытпайық. Қолдауларыныз үшін алғысым шексіз!, дейді спортшының әйелі. 

Сонымен қатар Махаббат Тағыберген жалақыға қатысты сөз жалған екенін тұспалдағандай болды.