Атырауда футбол қайта жандана ма: «Атырау» енді кімнің қолында

Редакция Ulyssport

Атырау облыстық прокуратурасының ұсынысы негізінде "Атырау" футбол клубы мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Ulyssport.

Әлеуметтік желіден

БАСҚАРУ ТИІМДІЛІГІ АРТЫП, ҚАРЖЫ АШЫҚТЫҒЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛЕДІ

Басқарма өкілдерінің мәліметінше, бұл шешім клубты тиімді басқаруға, қаржылық ашықтықты қамтамасыз етуге және өңірдегі спорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

КЛУБТЫҢ ЖЕКЕ ҚОЛДАҒЫ ЖЫЛДАРЫНДА ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕР ТУЫНДАДЫ?

2018 жылдың ақпанынан бастап клуб "Атырау" кәсіби спорт клубы" қоғамдық қорының сенімгерлік басқаруында болды. Алайда бұл кезеңде клубта бірқатар жүйелі проблемалар туындады: басшылықтың жиі ауысуы, спорттық нәтижелердің тұрақсыздығы, бюджеттің ашық болмауы және есептіліктің жеткіліксіздігі.

ЛЕГИОНЕРЛЕРДІҢ КӨБЕЙУІ – МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРУҒА СЕБЕП

Клубтың мемлекеттің иелігіне қайтарылуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі – шетелдік ойыншылар санының күрт артып, жергілікті кадрлар мен жасөспірімдер футболының дамуына назардың төмендеуі болды.

КЛУБҚА РЕФОРМА ЖАСАЛАДЫ

Енді клубты мемлекеттік басқару аясында кезең-кезеңімен реформа жүргізу жоспарлануда. Басқарма өкілдері негізгі бағыттар ретінде басқару тұрақтылығын қамтамасыз ету, ашықтықты арттыру, балалар мен жасөспірімдер футболын қолдау және ұзақмерзімді даму стратегиясын қалыптастыру екенін айтты.