«Бешікташ» соңғы бес матчтың үшеуінде жеңіліп, біреуінде тең ойнап, тек бір ойында ғана жеңіске жетті. Команда бұл кезеңде 11 ұпай жоғалтты. Бұл нәтиже құрамның бәсекеге қабілеттілігіне қатысты күмәндерді қайта жандандырды, деп хабарлайды Ulyssport.
СУЛЬШЕР: «БҰЛ КОМАНДАҒА ЕМ ДЕЕМЕС, ОТА ҚАЖЕТ»
«Истанбул Башакшехирден» 0:2 есебімен жеңілгеннен кейін бас бапкер Оле Гуннар Сульшер:
«Бұл командаға дәрі көмектеспейді. Бұл командаға операция қажет» деген пікір айтты.
Бұл мәлімдеме маусым соңында команда құрамында үлкен өзгерістер болатынын аңғартатын алғашқы белгі ретінде қабылданды.
ЗАЙНУТДИНОВ КЕТЕТІНДЕР ТІЗІМІНДЕ
Ақпарат көздерінің мәліметінше, маусым аяқталған соң «Бешікташ» бірнеше футболшымен қош айтыспақ. Сульшердің талаптарына сәйкес, құрамды жаңарту жұмыстары басталады. Командадан кететін алғашқы ойыншылар қатарында Чиро Иммобиле, Артур Масуаку, Алекс Окслейд-Чемберлен, Жоао Марио, Бахтиёр Зайнутдинов пен Онур Булут аталып отыр. Сонымен қатар, бұл тізімге жаңа есімдер қосылуы да мүмкін.
Бахтиёр Зайнутдиновке қатысты бұл шешім Қазақстан жанкүйерлерін бей-жай қалдырмады. Ол «Бешікташ» сапында тұрақты ойын көрсете алмай жүргенімен, әлеуеті зор ойыншы ретінде танылған. Алайда Сульшердің жүйесіне сай келмегені оның тағдырына әсер етті.
СОҢҒЫ ЖЕТІ МАТЧ — ШЕШУШІ СӘТ
«Бешікташтың» алдағы жеті матчы құрамдағы ойыншылардың болашағын анықтайды. Кім өзін осы шешуші кезеңде көрсете алады — сол клубта қалмақ. Қалғандары жазда командамен қоштасады. Сульшер жас футболшыларға сенім артып отыр. Қалған ойындарда Мустафа Хекимоглу мен Семих Кылычсой секілді жастарға көбірек мүмкіндік берілмек.