Сарапшы: Канелоға Жәнібек Әлімханұлы мүлдем қызық емес

Дастан Кенжалин

Орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17 жеңіс, 12 нокаут) бірнеше жылдан бері аты аңызға айналған мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альваресті (62 жеңіс, 2 жеңіліс, 2 тең ойын) жекпе-жекке шақырып келеді. Алайда әзірге бұл ұсыныстар тек әлеуметтік желі деңгейінде қалып отыр, деп хабарлайды Ulyssport.

sports.kz

«Канело» тарапынан бұл шақыртуларға қандай да бір жауап болған емес. Соған қарамастан, жанкүйерлер мен сарапшылар арасында қос боксшының мүмкін болатын кездесуі жайлы түрлі болжамдар айтылып жүр. Бұл мәселеге қатысты америкалық танымал бокс сарапшысы Рик Глейзер де өз пікірін білдірді.

– Жәнібек пен Канело арасында жекпе-жек өте ме? Жоқ. Бұл Канелоға мүлде қызық емес. Жәнібекпен жұдырықтасу оған еш пайда әкелмейді, – деді ол Legalbet.kz порталына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Жәнібек орта салмақта өнер көрсетсе, Сауль Альварес соңғы жылдары екінші орта және жартылай ауыр салмақтарда жұдырықтасып жүр. Тіпті екінші орта салмақта абсолютті чемпион атанған.

Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 5 сәуірде Астанада өткізіп, франциялық Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутпен жеңді. Ал Канело келесі кездесуін 4 мамырда кубалық Уильям Скаллмен өткізіп, тағы да екінші орта салмақтағы абсолютті чемпион атағын қорғамақ.