Балуан Нұрқожа Қайпанов өзіне сыйға берілген 20 жылқыны кімге бергенін айтты

Дастан Кенжалин

Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов өзі иеленген марапат пен сыйлықтарды кімдермен бөлісетіні жайлы айтып берді, деп хабарлайды Ulyssport.

olympic.kz

Балуан Ақтөбе қаласында құрмет ретінде сыйланған 20 жылқыны сатқанын, оның ақшасын өзін дайындыққа қатыстырған жаттықтырушылар мен мамандарға бөліп бергенін жеткізді.

- Менің жеңісім – тек өзімнің емес, бүкіл команданың жетістігі. Дәрігер, массажист, көмек көрсеткен әр маманның үлесі бар. Мемлекеттен берілетін сыйақы мен сыйлықтарды да солармен бөлісемін. Себебі спорттағы көрінбейтін, бірақ маңызды жұмыс солардың мойнында, – деді Қайпанов.

САЛМАҚ АУЫСТЫРУ

2023 жылы Нұрқожа Қайпанов 70 келіде белдесіп жүргенімен, Азия чемпионатында 74 келіде күресті. Ол бұл салмақ өзгерісі жайлы түсіндірді.

- Азия чемпионатына іріктеу болады деп айтылды. Бірақ ақыры қосымша белдесу өтпеді. Осы салмақтағы Әлібек есімді балуан ‘барғың келсе, жолымды беремін’ деді. Екеуіміз келісіп, ол өз еркімен бас тартты. Мен Амманға аттандым, жеңіспен оралдым.

Қайпановтың айтуынша, Қазақстан құрамасында достық пен өзара құрмет жоғары деңгейде, көзбояушылық немесе қызғаныш жоқ. Әрбір шешім ашық әрі түсіністікпен қабылданады. Азия чемпионаты алдындағы жағдай – соның жарқын дәлелі.

- Біз жарыс алдында сөйлестік. Ол қарсылық білдірмеді. Құттықтап, сәттілік тіледі. Чемпион болғанымда алғашқылардың бірі болып хабарласты", – дейді спортшы.

ЕКІ АЛТЫН

Еске салайық, 2023 жылдың 25–30 наурызы аралығында Иорданияның Амман қаласында өткен Азия чемпионатында Нұрқожа Қайпанов 74 келі салмақта чемпион атанды. Қазақстан құрамасы бұл жарыста небәрі екі алтын иеленді. Оның бірі – әйелдер күресінен Жәмила Бақбергеноваға тиесілі болды.