Назым Қызайбай: «Олимпиаданың ақшасын да, пәтердің кілтін де әлі алған жоқпын»

Дастан Кенжалин

Бокстан үш дүркін әлем чемпионы, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай өзінің әлі күнге дейін мемлекеттен 75 мың доллар көлеміндегі сыйақысын алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulyssport Vesti.kz-ке сілтеме жасап. 

Фото: ҰОК

Қазақстан заңнамасына сәйкес, Олимпиаданың қола медалі үшін осындай көлемде қаржылай марапат қарастырылған болатын.

«Олимпиаданың қоласы үшін берілетін 75 мың доллар сыйақыны әлі берген жоқ. Басқа спортшылар да алған жоқ деп ойлаймын, өйткені ешкімнен естіген емеспін», – деді спортшы.

СЕРТИФИКАТ БАР, КІЛТ ЖОҚ

Назым Қызайбай сонымен қатар Алматы қаласы әкімдігінен пәтерге сертификат алғанын, бірақ пәтер кілтін алуға жарты жылдан астам уақыт күтіп жүргенін айтты.

- Олимпиададан кейін бізге көлік пен пәтерге сертификат және қаржылай сыйлықтар берілді. Көлік пен ақшаны сол сәтте берді, ал пәтерді 1,5–2 айда тапсырамыз деген. Бірақ қазір алты айдан асты. Жақында ғана әкімдіктен хабарласып, барлық спортшылар жиналған кезде кілттерді табыстайтынын айтты. Қазір соны асыға күтіп жүрміз, деді Қызайбай.

Қызайбай – сыйақысын уақытында алмаған жалғыз спортшы емес. Олимпиададан кейін бірқатар жүлдегерлер тиісті төлемдерін ала алмаған. Бұл мәселе спорт қауымдастығында алаңдаушылық туғызып отыр.

ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІНЕ ҚАНША ТЕҢГЕ БЕРІЛЕДІ

Қазақстандағы Олимпиада жүлдесі үшін төленетін сома:

Алтын медаль – 250 000 доллар

Күміс медаль – 150 000 доллар

Қола медаль – 75 000 доллар

4-орын – 30 000 доллар

5-орын – 10 000 доллар

6-орын – 5 000 доллар