Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов жаңа қызметке тағайындалды

Дастан Кенжалин

Каратэден (WKF) Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкер болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulyssport.

Harry How/Getty Images

Дархан Асаділов – кәсіби спорттағы көптеген ірі жетістіктерімен танылған тәжірибелі спортшы. Ол Токио Олимпиадасында (-60 кг салмақта) қола жүлде, әлем чемпионатының күміс (2008) және қола (2018) медальдарын, сондай-ақ Гуанчжоудағы Азия ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алған. Сонымен қатар, Karate-1 Премьер-лига турнирінде 8 мәрте жеңімпаз атанған.

Бұған дейін Дархан Асаділов Шымкент қаласындағы спорт мектебінде және Қазақстан жастар құрамасында жаттықтырушы болып жұмыс істеген.

Дархан – қазақ каратэ өнерін жаңа деңгейге көтерген дара тұлға. Енді ол өзінің тәжірибесін, шеберлік мектебін ұлттық құраманың дамуына бағыттайтынына сенім мол.

Жаңа бас бапкер үшін алғашқы үлкен сынақ – мамыр айының соңында Ташкентте өтетін Азия чемпионаты болмақ.

Дархан Асаділовтің алдағы мақсаты – ұлттық құраманың бапкерлік құрамын қалыптастыру, Жапонияда өтетін 2026 жылғы жазғы Азия ойындарына дайындықты бастау және жоғары нәтиже көрсету.