Олимпиада мен Паралимпиада жүлдегерлеріне мемлекеттік төлемдер жіберілді

Дастан Кенжалин

Қазақстан Республикасы Үкіметі 2024 жылы Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада және XVII жазғы Паралимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы беру туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Ulyssport.

gov.kz

Қаулыға сәйкес, Үкімет резервінен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына төлемдер жіберілді. Барлығы 49 спортшы мен 63 жаттықтырушы ақшалай сыйақы алды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мынадай мөлшерде ақшалай сыйақылар қарастырылған:

1-орын — 250 000 АҚШ доллары;

2-орын — 150 000 АҚШ доллары;

3-орын — 75 000 АҚШ доллары;

4-орын — 30 000 АҚШ доллары;

5-орын — 10 000 АҚШ доллары;

6-орын — 5 000 АҚШ доллары.

Ақшалай сыйақы жүлдегерлердің бірінші, жеке және бас жаттықтырушыларына да беріледі. 

Сонымен қатар Олимпиада мен Паралимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әкімдіктер спортшыларға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер ұсынады.

БҰҒАН ДЕЙІН

23 сәуір күні бокстан үш дүркін әлем чемпионы, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай өзінің әлі күнге дейін мемлекеттен 75 мың доллар көлеміндегі сыйақысын алмағанын мәлімдеген болатын. 

Қазақстан заңнамасына сәйкес, Олимпиаданың қола медалі үшін осындай көлемде қаржылай марапат қарастырылған болатын.

«Олимпиаданың қоласы үшін берілетін 75 мың доллар сыйақыны әлі берген жоқ. Басқа спортшылар да алған жоқ деп ойлаймын, өйткені ешкімнен естіген емеспін», – деді спортшы.