Усик пен Дюбуа арасындағы жекпе-жектің уақыты белгіленді

Дастан Кенжалин

Аса ауыр және бірінші ауыр салмақта әлем чемпионы атағына таласатын украиналық Александр Усик пен британдық Даниэль Дюбуа арасындағы матч-реванштың өтетін күні ресми түрде белгілі болды. Жекпе-жек 19 шілдеде Лондондағы әйгілі «Уэмбли» стадионында өтеді, деп хабарлайды Ulyssport.

allboxing

Бұл жолы боксшылар WBC, WBA, WBO және IBF белбеулерін — яғни абсолютті әлем чемпионы атағын сарапқа салады.

Бұған дейін жекпе-жек 12 шілдеге жоспарланған еді. Алайда Нью-Йорктегі басқа ауқымды бокс кешімен қабаттасып қалмас үшін кездесу бір аптаға шегерілді.

Бұл Усик пен Дюбуа арасындағы екінші кездесу болмақ. Алғашқы айқас 2023 жылдың тамызында Польшада өткен болатын. Сол кезде Усик 9-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен еді.

Дегенмен жекпе-жек барысында дау тудырған жағдай да орын алған. 5-раундта Дюбуа Усиктің ішінен ұрған, алайда төреші бұл соққыны белден төмен соққы деп бағалап, айыптады. Осы шешімге наразы болған Дюбуа командасы кейін апелляция берген.

Содан бері Александр Усик екі мәрте Тайсон Фьюриді жеңіп, барлық негізгі титулдарды біріктірді және кәсіби мансабында үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

Даниэль Дюбуа болса IBF белбеуін жеңіп алып, оны Энтони Джошуамен болған жекпе-жекте сәтті қорғады.