Франция президенті Эммануэль Макрон қазақстандықтарды Париждегі Олимпиада ойындарында дзюдошы Елдос Сметовтің жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Ulys Sport.
Сіздерді және Қазақстан халқын осы маңызды жеңісімен құттықтау мен үшін үлкен мәртебе. Францияда дзюдодан Қазақстанның алғашқы олимпиадалық алтын медалін жеңіп алғанына қуаныштымын. Қазақстан халқына және Президент Тоқаевқа сәлем жолдаймын – деді Макрон.
JENYS кәсіби дзюдо клубының капитаны Елдос Сметов 27 шілдеде француз Лука Мхейджоны 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіп, Париж Олимпиадасының алтын медалін иеленген болатын. Бұл жеңіс оның олимпиадалық марапаттар жинағын толықтырды: ол бұрын Риода күміс, ал Токиода қола жеңіп алған еді.
Бұған дейін ойын барысында Елдос Сметов Нидерландыдан келген дзюдошы Торнике Чкадуаны, украиналық Дильшот Халматовты және Тайвань өкілі Юн Вей Янды да жеңген болатын.