Қазақстандық бірнеше спортшы допинг ережесін өрескел бұзған

Дастан Кенжалин

Қазақстанда допингке қарсы талаптардың күшейтілуіне байланысты бірнеше спортшы ресми жарыстардан уақытша шеттетілді. Бұл туралы елдің Допингке қарсы ұлттық агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulyssport.

Фото: pixabay.com

Агенттіктің хабарлауынша, шеттетілгендердің арасында Ханчжоуда өткен Паразиада ойындарының жүлдегері, дзюдошы Ерлан Қоңқиев те бар. Ол өзінің тұрғылықты мекенжайы туралы деректерді уақытылы жаңартпаған және допинг сынамаларын тапсыру кестесін бірнеше мәрте бұзған. Осы себепті Қоңқиев 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап 2027 жылдың 1 ақпанына дейін барлық ресми жарыстардан шеттетілді.

Сонымен қатар агенттік басқа да спортшыларға қатысты тәртіптік шешімдер қабылдады. Ауыр атлет Бекболат Қалиұлының ағзасынан метандиенон табылып, ол төрт жылға спорттан шеттетілді. Ал зілтемірші Аслан Бұрқанов тестостерон қолданғаны үшін үш жылға жарыстардан аластатылды. Грэпплингтен өнер көрсететін Самат Әйтпанбет те допинг ережелерін бұзғаны үшін алдағы үш жыл ішінде халықаралық және ұлттық деңгейдегі турнирлерге қатыса алмайды.

Агенттік мұндай шаралардың спорттағы тазалық пен әділдікті қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу үшін қолға алынғанын атап өтті. Барлық спортшыларға допингке қарсы ережелерді қатаң сақтауға шақыру жасалды.