Париж Олимпиадасы: Алжир спортшысы Израиль дзюдошысымен белдесуден бас тартты

Редакция Ulyssport

Дзюдодан Париж Олимпиадасында даулы жағдай туындады, деп хабарлайды Ulyssport.kz

Ашық дереккөз

Бүгін дзюдодан 73 келіде сынға түсуі керек болған үш дүркін Африка чемпионы, Алжир спортшысы Месауд Редуан алғашқы белдесуінде-ақ жарысты жалғастырудан бас тартты. Оған себеп, бірінші айналымда Израиль спортшысы Тохар Бутбульмен белдесуі керек еді. Алайда Тохар екінші айналымда Қазақстанның тумасы Хидайет Хейдаровқа жеңіліп, жарыстан шығып қалды.

Бір қызығы, 3 жыл бұрын Токио Олимпиадасында да Алжир спортшысы Фетхи Нурин жеребе нәтижесі белгілі бола салып, саяси себепке байланысты күресе алмайтындығын мәлімдеген. Салдарынан Халықаралық дзюдо федерациясы спортшыны 10 жылға шеттеткен болатын.

ОЛИМПИАДАДА ИЗРАИЛЬ СПОРТШЫСЫНА ШЫҒУДАН БАС ТАРТҚАН СӘТТЕР:

Токио Олимпиадасы. Дзюдодан 73 келідегі Судан спортшысы Мохамед Абдал жеребеден кейін жарысты жалғастырмады.

Рио Олимпиадасы. Дзюдодан 52 келідегі Сауд Арабиясының спортшысы Жоуд Фахми қолының жарақатына байланысты жарысқа қатыспайтындығын айтты. 

Бейжің Олимпиадасы. Жүзуден Сирияның 14 жастағы спортшысы Баян Джума 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Израиль спортшысымен бірге сайысқа түсетін болғандықтан, бас тартты.

Жүзуден жүлдеге таласуға тиіс болған Иран спортшысы Мохаммад Алирезаи де 100 метрге брасс әдісімен жарыста қатыспайтындығын айтты.

Афина Олимпиадасы. Дзюдодан 2 дүркін әлем чемпионы, Олимпиадада туды алып шыққан Иран спортшысы Араш Миресмаили салмағын асырып, жарысқа қатыспады.