Қамшыбек Қоңқабаев испан боксшысы Айюб Гадфа Дриссиден жеңіліп, Париж Олимпиадасының ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды Ulyssport.kz
Аса ауыр салмақтағы боксшымыз төрешілердің 2-3 есебімен жол берді.
”Кімнің қолын көтерді, сол боксшы жеңді. Артық ештеңе айтпаймын. Қалай бар, солай қабылдаймыз. Өздеріңіз де көрдіңіздер. Барымды салдым. Оңай қарсылас емес. Еуропа чемпионы. Енді қалған жігіттерге қолдау болайық!”
Енді Айюб пен Давид Чалоян (Армения) жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Айюб Гадфа Дрисси: ”Мен ешқашан ұтыламын деп шықпаймын. Қарсыласымның әлсіз жерін байқамадым. Керісінше менің артықшылықтарым көп болды. Өкінішке қарай, пандемия кезінде жарыстар өтпей қалып, Токио Олимпиадасына қатыса алмай қалып едім. Енді уақыттың есесін қайтаратын сәт келді. Баһадүр Жалоловтан қорықпаймын. Себебі, осы Олимпиадаға өте жақсы дайындықпен келдім. Жеңіс тұғырында болатыныма сенімдімін”.
Айта кетейік, Қамшыбек Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының 2 дүркін және Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.
Айюб Дрисси болса, былтыр әлем чемпионатында қола медаль жеңіп, 2024 жылы Еуропа жеңімпазы атанды.