Қазақ қызына үйленген африкалық футболшы Оралда бапкер болып жұмыс істеп жүр

Дастан Кенжалин

Кот-д’Ивуардан келген 35 жастағы футболшы Драмане Коне Қазақстандағы кәсіби мансабын аяқтап, бүгінде Орал қаласында балалар жаттықтырушысы ретінде жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды Ulyssport 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Ашық дереккөзден

Кот-д’Ивуардан шыққан футболшы Драмане Коне 2011 жылы Қазақстанға алғаш рет аяқ басып, осы елде кәсіби спорттық жолын бастаған. Ол 12 жыл ішінде «Каспий», «Ақжайық», «Жеңіс» және «Мақтаарал» сынды клубтардың намысын қорғап, 260-тан астам ойын өткізіп, 20 гол соққан.

2022 жылы «Мақтаарал» командасы Премьер-лигаға өткеннен кейін, Коне екі маусымда 33 матчқа қатысқан. Алайда 2024 жылы клуб біріншіліктен шығып қалған соң, футболшымен қош айтысты.

Бірақ Коне үшін Қазақстан — тек футбол алаңы ғана емес. Бұл ел оның екінші отанына айналды. Ол қазақ қызына үйленіп, қазір Орал қаласында тұрады. Өз сұхбаттарында қазақтың ұлттық тағамдарын жақсы көретінін, қазақ тілін қызы Ясмина мен шәкірттері үшін үйреніп жүргенін айтқан.

Бүгінде тәжірибелі ойыншы кәсіби жолын жалғастырмаса да, отандық футболдың дамуына үлес қосып, жастарға тәлім беріп, жаңа буын футболшылардың қалыптасуына атсалысып жүр.