Қазақстандық гимнаст Олимпиада ойындарының финалына өтті

Гүлнұр Қуанышбекқызы

Қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов Олимпиада ойындарының финалына өтті. Ол ат жаттығуларында медаль үшін күреседі. Спортшының айтуынша, іріктеуде ол бағдарламасын біраз жеңілдеткен, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: olympic.kz/Тұрар Қазанғапов

Olympic.kz берген сұхбатында ол іріктеудегі жаттығуларын жақсы орындап шыққанын айтты.

"Негізінде, іріктеуде мен бәрін жақсы орындадым. Алайда, жоспарланған күрделіліктен сәл жетпей қалдым. Комбинацияны аздап жеңілдеттім, бірақ финалға өте алдым. Финалда жинақталып, өзімнің бүкіл жарыстық бағдарламамды толық көрсетіп, барынша күш салу керек. Іріктеу кезеңінде бір элементті алып тастағаным үшін көңілім толмай қалды. Қалай болғанда да, барлық элементтерді орындауым керек”, – деді спортшы.

Оның негізгі қарсыластары америкалық және британдық спортшылар болады.

“Дегенмен, барлығы да мен сияқты өздерінің максимумын көрсетеді. Медальдар үшін күрес болады", - деді Құрбанов.

Айта кетейік, финал 3 тамызда өтеді.