«Бізде матч өтеді»: «Қайрат» ФК Дженифер Лопестің концертіне стадионды бермейтінін ескертті

Ayan Oribay

«Қайрат» футбол клубы америкалық әнші Дженифер Лопеске концерт өткізу үшін стадионды бермейтінін жариялады, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Ұлысмедиа коллажы

Америкалық әнші Дженнифер Лопестің Алматыда екінші концерт өткізетіні туралы хабарлама жақында пайда болған еді. Лопестің 2025 жылдың 10 тамызында Алматыда қосымша өткізетіні 21 мамыр күні менеджерлерінің парақшасында жарияланған. 

“ҚАЙРАТ” ФК РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕСІ

2025 жылы 10 тамызда Алматы қаласының Орталық стадионында концерт өткізілетінін естіген “Қайрат” футбол клубы аталған күннің клубпен келісілмегенін хабарлайды.

2025 жылы 16 мамырда «Қайрат» ФК Алматы қаласының спорттық нысандар дирекциясынан Орталық стадионды мәдени шараға алдын ала брондау туралы ресми хабарлама алды. Жауап ретінде ресми хатта (20.05.2025 жылғы шығыс № 994-03101) клуб ҚР Чемпионаты Премьер-лигасының бекітілген спорттық күнтізбесіне, сондай-ақ «Қайрат» футбол клубының еурокубок аясындағы халықаралық міндеттемелеріне байланысты көрсетілген мерзімде стадионды пайдалануға болмайтынын хабарлады. Республикалық жарыс күнтізбесіне енген «Қайрат» ФК — «Жеңіс» ФК ресми матчы 9 немесе 10 тамызда стадионда өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар 7 және 12 тамызда команда еурокубокқа қатысады. Осыған байланысты стадион УЕФА талаптарына сәйкес міндетті түрде дайындалады. Бұл күндері басқа шараларды өткізуге болмайды, – дейді клуб.

«Қайрат» ФК ресми түрде дәлелді бас тарту жіберілген күні концерт өткізетініне таңғалғанын жасырмайды.