Парижде Рафаэль Надальды құрметтеу рәсімі өтті

Ерик Ильясов

Франция ашық чемпионатының әйгілі Филипп Шатрие кортында 22 дүркін «Үлкен Дулыға» турнирінің чемпионы, испандық Рафаэль Надальды құрметтеу рәсімі өтіп, оған мансабында басты қарсылас болған серб Новак Джокович, швейцариялық Роджер Федерер және британдық Энди Маррей қатысты,- деп хабарлайды ulyssport.kz

Reuters

Надальды көруге он мыңнан астам теннис жанкүйері жиналды. Ұйымдастырушылар барлық көрерменге топырақ түстес футболка таратты. 14 дүркін Ролан Гаррос турнирінің чемпионы Надаль іс-шараға отбасы мүшелерімен бірге келіп, кортқа шыққанда көзіне қайта-қайта жас алды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Франция теннис федерациясы аңыз теннисшіге “Аңыз” деген жазуы бар, сондай-ақ осы турнирде жеңген жылдары көрсетілген арнайы трофейді табыстады. Артынан Филипп Шатрие кортына Рафаэльдің аяқ ізі бейнеленген табло орнатылды.

Рафаэль Надаль Ролан Гаррос турнирінде  рекордсмен болып табылады. Спорттық мансабында барлығы 92 титулға қол жеткізсе, оның 22-сін «Үлкен Дулыға» турнирлерінде ұтып алған. Жекелей сында 2008 жылғы Пекин және жұптық сында 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиада ойындарының жеңімпазы.

Надаль 2024 жылдың қараша айында Испанияда өткен Дэвис кубогында жеңілгеннен кейін мансабын ресми түрде аяқтаған болатын.