Астана үстел теннисінен 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізетін қала ретінде таңдалды, деп хабарлайды Ulyssport.
Мұндай тарихи шешім Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) Бас ассамблеясының отырысында қабылданды. Онда 2027, 2028 және 2029 жылдардағы әлем чемпионаттарын өткізетін елдер анықталды.
Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша АҚШ ең аз дауыс жинап, екінші кезеңге Қазақстан мен Франция өтті.
Финалдық дауыс беру нәтижесі келесідей болды:
- Қазақстан – 54,68 %
- Франция – 45,32 %
Осылайша, еліміз тарихта алғаш рет үстел теннисінен әлемдік басты турнирді қабылдайтын болды.
2028 жылғы әлем чемпионаты Жапонияның Фукуока қаласында өтеді. Ал 2029 жылы әлем біріншілігін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласы қабылдайды.