Рыбакина: Уимблдонда көп нәрсе ауа-райына байланысты

Ерик Ильясов

Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің екінші кезеңінде грек теннисшісі Мария Саккариді 6:3, 6:1 есебімен ұтып, жарыстың үшінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды ulyssport.kz

Wimbledon

Уимблдон-2022 чемпионы жеңісінен кейін берген баспасөз конференциясында:

Көп нәрсе ауа райына байланысты. Қазір Лондонда өте ыстық, бұл шөптің реакциясына әсер етеді. Бұдан бөлек, орталық корттар әрқашан сыртқы корттардан өзгеше болады. Сыртқы корттар кішірек әрі жылдамырақ, ал орталық корттар баяулау. Температура да маңызды рөл атқарады: ыстық кезде доптың серпілісі сәл биік, ал салқындау кезде - төменірек,-  деп түсіндірді теннисші.

Биыл Уимблдонда көптеген ТОП ойыншы жеңіліп, жарыс жолынан тыс қалып жатыр. Қазақстанның бірінші ракеткасы осыған қатысты да пікір білдірді:  

Иә, хабарым бар. Мен әрқашан тек өз кездесуіме ғана көңіл бөлуге тырысамын. Көгалдағы матчтарда күтпеген нәтижелер болып жатады. Қарсыласыңды жақсы білсең де, бұл жерде бәрі басқаша өтуі мүмкін. Меніңше, барлық ойыншыда мүмкіндік бар. Менің стилім – өте белсенді, агрессивті ойнау. Сол үшін менің ойынымның нәтижесі көбіне алғашқы соққылар мен допты ойынға қосуға байланысты. Қолымнан келгенше алдағы матчтардың барлығын жеңіп, финалға дейін барамын деп үміттенемін.

Елена Рыбакина төртінші айналымға жолдаманы Дания теннисшісі Клара Таусонмен сарапқа салады. Матч 5 шілдеде өтеді.