Қазақстандық екі боксшы Астанада өтіп жатқан әлем кубогы кезеңінің финалына шықты, деп хабарлайды Ulyssport.
ВИКТОРИЯ ГРАФЕЕВА
Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Виктория Графеева бокстан елімізде өтіп жатқан әлем кубогы кезеңінің финалында жұдырықтасады.
Жерлесіміз 60 келіге дейінгі салмақтың 1/2 финалында үндістандық Санжумен өзара мықтыны анықтады.
Виктория Графеева жекпе-жек барысында жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетті. Нәтижесінде, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының сапында өнер көрсететін Наталья Богданова да Астанадағы әлем кубогының финалына шықты.
Қазақстандық боксшы 70 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жатыр.
Наталья жартылай финалда нигериялық Патрисия Мбатамен қолғап түйістірді. Нәтижесінде, төрешілердің бірауызды шешімімен Наталья Богданова ақтық сынға жолдама алды.
Айта кетейік, бұған дейін Назым Қызайбай (48 келіге дейін) және Нұрбек Оралбай (80 келіге дейін) ақтық сынға өткен еді.