Назым Қызайбай мен Махмұд Сабырхан бокстан әлем кубогының чемпионы атанды

Редакция Ulyssport

Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай бокстан Астанада өтіп жатқан әлем кубогының финалында жеңіске жетті, деп хабарлайды Ulyssport.

Қазақстан бокс федерациясы

АЛҒАШҚЫ АЛТЫН

Отандасымыз 48 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады.

Назым Қызайбай әлем кубогының алтын медалі үшін үндістандық Минакшиға қарсы айқасты.

Тартысқа толы жекпе-жектің қорытындысы бойынша Назым Қызайбай жеңіске жетті.

Осылайша, жерлесіміз Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді салды.

ЕКІНШІ АЛТЫН

Ал Қазақстан құрамасының өкілі Махмұд Сабырхан бокстан Астанада өтіп жатқан әлем кубогының чемпионы атанды.

Махмұд 55 келіге дейінгі салмақтың финалында Жапония өкілі Руи Ямагучимен қолғап түйістіретін еді.

Алайда, жапониялық боксшы шаршы алаңға шығудан бас тартты. 

Осылайша, Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін) Қазақстан үшін әлем кубогының екінші алтын медалін жеңіп алды.

Айта кетейік, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан әлем кубогының финалын Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жанкүйерлермен бірге тамашалап отыр. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанда өтіп жатқан World Boxing әлем кубогына қатысу үшін 29 елден 250 боксшы келді. Бұл – рейтингтік жарыс. Жеңімпаздардың әрбір ұпайы олимпиадаға жолдама алуға әсер етеді.