Қазақстандық боксшылар әлем кубогында ел қоржынына тағы үш алтын жүлде салды

Редакция Ulyssport

Астанада өтіп жатқан бокстан әлем кубогында Қазақстан құрамасының былғары қолғап шеберлері бірінен соң бірі алтын медаль олжалап жатыр. Бұл жолы Виктория Графеева, Наталья Богданова және Санжар Тәшкенбай финалдық жекпе-жектерде қарсыластарын жеңіп, ел қоржынына үш бірдей алтын жүлде салды, деп хабарлайды Ulyssport.

 

 

Қазақстан бокс федерациясы

ВИКТОРИЯ ГРАФЕЕВА

Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсететін боксшы Виктория Графеева Астанада өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды.

Спортшы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сәтті өнер көрсетті.

Финалда Графеева бразилиялық Ребека Де Лима Сантосқа қарсы шаршы алаңға шықты.

Жекпе-жек тартысты өтті. Кездесудің соңында Виктория қарсыласын нокдаунға түсіріп, алтын медальді жеңіп алды.

НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА

Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Наталья Богданова бокстан елордада өтіп жатқан Әлем кубогында алтын медальға ие болды.

Отандасымыз 70 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады.

Наталья финалда Лекейша Перголитимен (Аустралия) өзара мықтыны анықтады. Үш раундтың нәтижесі бойынша төрешілердің шешімімен Наталья Богданова жеңіске жетті.

САНЖАР ТӘШКЕНБАЙ

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының сапында өнер көрсететін Санжар Тәшкенбай Астанадағы Әлем кубогы кезеңінде алтын жүлдегер атанды.

Қазақстандық былғары қолғап шебері 50 келіге дейінгі салмақтың ақтық сынында Джей Брайан Барикуатромен (Филиппин) кездесті. 

Санжар Тәшкенбай жекпе-жек барысында жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетіп, жеңісті суырып алды.

Осылайша, күндізгі сессияның қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде алты алтын және бір күміс медаль бар. Бұған дейін Назым Қызайбай (48 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Бекзад Нұрдәулетов (85 келіге дейін), Виктория Графеева (60 келіге дейін) және Наталья Богданова (70 келіге дейін) чемпион атанған болатын. Ал, Нұрбек Оралбай (80 келіге дейін) күміс медальға ие болды.