Алматылық «Қайрат» клубының 16 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтбаев Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынында ерекше жетістікке жетті, деп хабарлайды Ulyssport.
Ол Словенияның «Олимпия» командасының қақпасына гол соғып, осы турнирде гол соққан ең жас қазақстандық футболшы атанды. Сонымен қатар, ол Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде гол салған ең жас футболшылардың бірі ретінде тарихқа енді.
ЖАС РЕКОРДСМЕН
Сәтбаев қарсылас қақпасын 16 жас, 10 ай, 26 күн толғанда дәл көздеген. Бұған дейін бұл рекорд 2014 жылы «Ақтөбе» сапында Тбилисидің «Динамосына» қарсы 18 жас, 11 ай, 16 күнінде гол соққан Абат Айымбетовке тиесілі болатын.
ҮЗДІК ҮШТІКТЕ
Дастан Сәтбаев – Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде гол соққан ең жас ойыншылардың алғашқы үштігіне кірді. Тізім келесідей:
Никлас Беркрот (Швеция) – 16 жас, 6 ай, 4 күн
Влодзимеж Любаньски (Польша) – 16 жас, 8 ай, 16 күн
Дастан Сәтбаев (Қазақстан) – 16 жас, 10 ай, 26 күн
МАТЧ ҚАЛАЙ ӨТТІ
8 шілде күні Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында «Қайрат» пен Словенияның «Олимпия» клубы Люблянада кездесті. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Сәтбаев матчты негізгі құрамда бастап, екінші тайм басында гол соқты. Алайда көп ұзамай словениялық команда таразы басын теңестіріп үлгерді.
ЖАУАПТЫ МАТЧ
Қарымта кездесу 15 шілде күні Алматының орталық стадионында өтеді. Енді «Қайрат» өз алаңында келесі кезеңге жолдама үшін күресетін болады.