Олимпиада жүлдегері: Медаль алу үшін үлкен жұмыс атқардық

Гүлнұр Қуанышбекқызы

Нысана көздеуден Қазақстан командасының мүшесі Ислам Сәтпаев Париж Олимпиадасын қорытындылап, жетістікке жетуге не себеп болғанын айтты, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

 

Фото: olympic.kz/Сали Сабиров

Olympic.kz берген сұхбатында ол бұл жүлденің араға 28 жыл өткен соң алынғанын айтты.

“Арада 28 жыл өткен соң Қазақстан қоржынына нысана көздеуден Олимпиада ойындарының жүлдесі түсті. Өте қуаныштымын. Финалға шығып, жүлде алып, дәл осындай нәтиже көрсету үшін біз үлкен жұмыс атқардық. Өзімнің жеке бапкерімнің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол қандай жағдай болса да жарысқа келіп, маған моральдық тұрғыдан қолдау көрсететін”, – деді спортшы. 

Ол елде бапкерімен бірге психологиялық сәттерді жиі талқылағанын айтты. 

“Соның пайдасы тиді деп ойлаймын. Енді алда басқа жарыс – 2028 жылғы Олимпиада күтіп тұр. Әрі  қарай дайындалу керек. Анам менің медаль алғанымды түсінде көріпті. Бірақ мені мазаламай, жарыс біткен соң айтып жатыр. Өйткені, ата-анам да, жұбайым да жарыс алдында мені алаңдатпау керектігін біледі. Турнир аяқталған соң естіп, қуанып қалдым. Жақындарымның жылы сөздері де мені елжіретіп жіберді. Бұл – ерекше сезім”, - дейді Сәтпаев.