Грек-рим күресінен U20 құрамасының бас бапкері Айдын Сәрсекеев жуырда Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында орын алған келеңсіз жайттармен бөлісті. Оның айтуынша, жарысқа толық құраммен қатысу үшін бапкер банктен 500 мың теңге несие алып, өз ақшасына барған, деп хабарлайды Ulyssport Sportbugin.kz-ке сілтеме жасап.
БЮДЖЕТ ЖЕТПЕЙ, БІР СПОРТШЫНЫ ҚЫСҚАРТУДЫ СҰРАҒАН
20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпионаты Бішкекте өткен. Ресми түрде құраманың барлық шығынын Олимпиадалық даярлау орталығы өтеуі тиіс болған. Алайда ұйым қаржы тапшылығына байланысты құрамнан бір спортшыны алып тастауды ұсынған.
– Маған бір балуанды жарысқа апармай-ақ қой деген ұсыныс айтылды. Бірақ команданың бәрі бара жатқанда, бір балуанды елде қалдырғым келмеді. Сондықтан маған бөлінген қаражатты сол спортшыға беріп, өзім жарысқа несие алып бардым. Жол, жатын орын, тамақ бәрі 480 мың теңгеге түсті. Орталыққа барлық шығынды құжатпен дәлелдеп тапсырдым, олар бұл ақшаны қайтарып береміз деді, – дейді Сәрсекеев.
БАЛУАНДАР ӨЗАРА ФОРМА АУЫСТЫРЫП ШЫҚҚАН
Бапкердің айтуынша, Азия чемпионатына қатысқан құрама біркелкі форма алмай, әркім өзіндегі киіммен барған. Бұл – халықаралық жарыс үшін өте ыңғайсыз жағдай.
– Форма болған жоқ. Тамызда өтетін әлем чемпионатына дейін дайын болады деп уәде берді. Бірақ Азия чемпионатына әркім өзімен бар киімді алып барып, «алапес» кейіпте жүрдік. Тіпті марапаттау сәтінде бірінің формасын бірі киіп шықты, – дейді Сәрсекеев.
ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫ НЕ ДЕЙДІ
Бұл жағдайға байланысты Олимпиадалық даярлау орталығының басшысы Жандос Үшкемпіровке хабарласқанымызда, ол форма берілген болуы керек деген қысқа жауаппен шектелді.
– Форма берілді емес пе? Кейін хабарласамыз, – деді ол.
Кейінірек орталық басшысының орынбасары Әділет Құсманов түсініктеме беріп, форма тігуді бастапқыда бір мердігерге жүктеу жоспарланғанын, бірақ бұл жұмыс аяқсыз қалғанын айтты.
– Азия чемпионатына дейін үлгермедік. Енді тамыздағы әлем чемпионатына дейін форма дайын болады. Ал Айдын Сәрсекеев өз бастамасымен барды. Біз оған бір спортшыны қысқартуды ұсынғанбыз. Ол келісіп, өз орнына балуанды жіберіп, өзі несие алып барған. Бюджет барлығына бірдей қаржы бөлуге мүмкіндік бермеді, – деді Құсманов.