Бокстан Қазақстан құрамасының тағы бір мүшесі Париж Олимпиадасын алғашқы айналымда аяқтады. Махмұд Сабырхан испаниялық Хосе Кильеске есе жіберіп, Олимпиададағы сәтсіздігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Бұл жекпе-жекте барымды салдым. Қарсыласымның қапталдан ұрған соққылары өтіп кетті. Негізі, бір раундта 0:5 есебімен ұтылдым деп ойламаймын. Төрешілер екі раундта да жеңісті қарсыласқа берген соң, үшінші раунд ештеңені шешпейтінін түсіндім. Алға көп бармай, күтіп алуға тырыстым. Шыны керек, бірінші раунд бәрін құртып жібердім. Бұл раундты мен алдым деп ойлаймын. Екінші раундта да жеңілдім деп ойламаймын. Осымен, Олимпиаданы аяқтадық. Мен қатты шаршағаным жоқ. Тек төрешілер жеңісті бермей жатқасын, үшінші раундта қарсыласты күтіп алуға тырыстым", - деді Сабырхан.
Айта кетелік, осымен Қазақстан командасының үшінші боксшысы жарысты аяқтады. Бұған дейін Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Қамшыбек Қоңқабаев (+92) турнирдің бірінші айналымында жеңілген еді.