Дзюдошы Бауыржан Нарбаев Ұлан-Батордағы Grand Slam турнирінде қола медаль үшін бақ сынайды

Дастан Кенжалин

25 шілдеде Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда дзюдодан Grand Slam сериясындағы халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды Ulyssport.

Фото: ҰОК

Бірінші жарыс күнінде финалдық кезеңге Қазақстан құрамасынан тек бір спортшы ғана өтті.

Ерлер арасында 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бауыржан Нарбаев қола медаль үшін күреседі. Оның қарсыласы – моңғолиялық Баттогтох Эрхембаяр. Осы салмақта Ержан Еренқайыпов алғашқы белдесуінде-ақ жеңіліп қалды.

Сондай-ақ жарыстың басында Талғат Орынбасар мен Нұраділ Әлжан (60 келіге дейін) да қарсыластарына жол берді.

Ал Толғанай Әбеуова (52 келіге дейін) жұбаныш белдесуіне дейін жетіп, қытайлық Юйхон Яоға есе жіберді.