Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Лос-Анджелестегі олимпиадаға қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulyssport.
Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
- Бүгін мен үшін тарихи күн де келіп жетті. Осыдан тура 1 жыл бұрын арманыма қол жеткізіп, Олимпиада чемпионы атандым. Үш Олимпиаданың әрқайсысының орны бөлек. Бірақ Париж Олимпиадасының алтыны ардайым биік болып қала береді. Қаншама маңдай тер мен еңбектің ақталған күні. Барлық марапатымның шыңы. Сәтсіздіктер мен қиындықтар қатар жүрген жолды еңсерген күн. Арманға жету жолында біз көп нәрседен бас тарттық, көп нәрсені тәрк еттік, көп тәуекплге бардық. Дәл осындай қуанышты, дәл осылай арманды барлық спортшы бағындыруына тілектеспін! Олимпиада алтынынан кейін ғана мен өмірімді өзіме, отбасыма, жақындарыма арнай бастадым.
Париж алтыны біз алмайтын қамал жоқ екенін көрсетті. Дәл осы жеңісімді 2028 жылы Лос-Анджелесте қайталағым келеді. Иншалла, келесі төрт жылдықтың басты додасында осы эмоцияны сыйлау үшін бар күшімді саламын, дейді Сметов.
Айта кетейік, Елдос Сметов ел тарихындағы дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған спортшы. Сондай-ақ күміс және қола жүлде де иеленген.