Қазақстан семсерлесуден әлем чемпионатының қола медалі үшін бақ сынайды

Дастан Кенжалин

Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионатының қола медалі үшін таласады, деп хабарлайды Ulyssport.

Фото: ҰОК

Тбилиси (Грузия) қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде спортшыларымыз командалық сынның жартылай финалына дейін жетті.

Жартылай финалда Кирилл Проходов, Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов пен Эльмир Әлімжанов Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері Жапония құрамасына есе жіберді.

Кездесу 42:41 есебімен қарсыластардың пайдасына аяқталды. Айта кетерлігі, отандастарымыз жекпе-жектің соңына дейін басымдыққа ие болғанымен, жапониялықтар есепті теңестіріп, соңында жеңісті жұлып алды.

Қола медаль үшін Қазақстан құрамасы Венгрия – Франция жұбының жеңіліс тапқан командасымен кездеседі.