Әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Ангелина Лукас бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан мәселесін айтып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады, деп хабарлайды Ulyssport.
Ангелина Лукас өз үндеуінде ұзақ уақыт бойы қазақстандық бірқатар БАҚ тарапынан ақпараттық шабуылға ұшырап келе жатқанын мәлімдеді.
— Жеңістерімді бағаламауға, ал жетістіктерімді қаралауға тырысып келеді. Мұның артында белгілі бір адамдар тұрғанына сенімдімін. Олар менің жеңістерімді әдейі жасырып, құрметті Мемлекет басшысы, сіздің бұл жетістіктерімнен хабардар болмауыңызды көздейді. Басқа амал қалмаған соң, сізге тікелей жүгінуге мәжбүрмін. Бұл үндеу – менің жанайқайым, — деді спортшы.
Тарихи жетістіктер
Боксшының айтуынша, спорттық карьерасында әлемнің ең мықты спортшыларын, бірнеше дүркін чемпиондарды жеңген. Қазіргі таңда ол екі бірдей әлемдік рейтингке енген және абсолютті әлем чемпионы атағына міндетті үміткер атанған.
— 7 тамызда WBC ресми түрде менің әлемдік рейтингте көш бастағанымды жариялады. Бұл — менің ғана емес, бүкіл елдің жетістігі, қазақстандық бокстың әлемдік аренада мойындалуы. Менің қарсыластарымның қатарында — аргентиналық көп дүркін әлем чемпионы Дебора Лопес (22 жеңіс), Мексикадан әлем чемпионы Анна Аррасола (48 жекпе-жек) және әлем чемпионы Даниела Асенхо бар. Мұндай нәтиже Қазақстан әйелдер боксы тарихында бұрын-соңды болмаған, — деді Лукас.
Президенттен қолдау күтеді
Ангелина Лукас бұл жетістікке жету жолында елінің қолдауын сезінгісі келетінін атап өтті.
— Халықаралық аренада елінің туын көтерген спортшы әлемдегі ең үлкен атаққа таласқанда, оның артында Отанының мызғымас қолдауы болғанын қалайды. Мен сізден болып жатқан жағдайға назар аударып, абсолютті чемпиондық жолымда қолдау көрсетуіңізді сұраймын. Бұл — менің ғана емес, Қазақстанның да әлемдік бокс тарихына ену мүмкіндігі, — деп жазды боксшы.
Жанкүйерлерге алғыс
Спортшы барлық жанкүйерлеріне, демеушілеріне және қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығын білдірді.
— Сіздерге көп рақмет! Пікір қалдырғанда президентімізді белгілеп отыруларыңызды сұраймын — маған қолдау қажет, — деп түйіндеді Ангелина Лукас.