Бокстан 75 келі салмақтағы отандасымыз алғашқы жекпе-жегінде есе жіберді, деп хабарлайды Ulyssport.kz
Валентина Хальзова Париждегі бірінші жекпе-жегінде Атейна Билонға (Панама) 1:4 есебімен жол берді.
«2 раунд бойы төрешілердің қағазында басым болдым. Үшінші раундта да жеңгендей көріндім. Алайда шешім басқаша болды. Көнуге тура келеді. Панама өкілі тәжірибелі спортшы. Кезінде әлем чемпионы атанған. Бірінші айқас үшін өте жақсы қарсылас. Бапкерім күтіп алуға тапсырма берді. Тапсырманы 60 пайызға орындадым. Себебі, бірінші раундта жақсы күтіп алып, бағыттаған соққыларым өтті. Ал екінші және үшінші раундтарда мұрным қанап, демалу қиынға соқты. Өкінішті. Олимпиадада сәтті өнер көрсету үшін қаншама тер төгіліп еді. Бәрібір де Париж төрінде қазақтың әнұраны ойналатынына сенемін. Бұйырса, жерлестеріме соңына дейін жанкүйер боламын».
Айта кетейік, Хальзова әлем чемпионатының жеңімпазы, екі дүркін қола жүлдегер атанған. Ал панамалық тәжірибелі боксшы - 2014 жылғы әлем чемпионы, күміс жүлдегері, Панамерика ойындарының күміс жүлдегері.