Lacoste Новак Джоковичке құрмет ретінде логотипін өзгертті

Ерик Ильясов

АҚШ ашық чемпионаты US OPEN қарсаңында Lacoste маркасы 24-дүркін "Үлкен Дулыға" чемпионы Новак Джоковичке құрмет ретінде логотипін өзгертіп,  "ең ұлы ойыншы" (GOAT) дауын жапты, деп хабарлайды ulyssport.kz

Lacoste

2017 жылдан бері Новак Джоковичпен әріптестік орнатып келе жатқан спорттық киім бренді Lacoste “GOAT” (ағылшын тілінен аударғанда “барлық уақыттың ең үздігі”) дауы бойынша таңдауын жасады.

Көпшілікті таңғалдырмай, әйгілі қолтырауын логотипімен танымал бренд Новак Джоковичті таңдады. Ұлы теннисшіге құрмет ретінде Lacoste арнайы шектеулі киім топтамасын шығарып, онда дәстүрлі қолтырауын логотипінің орнына жасыл ешкі бейнеленген логотипті қолданды. Бұл «GOAT» сөзінің тура мағынасын (goat - ағылшынша "ешкі") меңзейтін әзіл-ишара.

Жаңа топтама ақ түсті поло жейде, футболка, күрте, спорттық костюм және бас киімнен тұрады.

Іс-шара Нью Йорк қаласының 5-ші даңғылында орналасқан Lacoste дүкенінде жабық түрде өтті. Жиынға спортшының серіктестері, марканың ықпал етуші тұлғалары, сондай-ақ әлемнің бірнеше елінен келген жанкүйерлері қатысты.