Биылғы «Ролан Гаррос» турнирінің финалистері қазақстандық Анна Данилина мен сербиялық Александра Крунич US Open жарысына дайындық аясында Кливлендте өткен WTA-250 турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ulyssport.kz
Финал Хао-Чин Чань мен Цзян Синьюйге қарсы өтіп, матч нәтижесі 7:6 (7:3), 6:4 есебімен аяқталды. Матч барысында Данилина/Крунич жұбы 3 эйс жасап, 4 қос қателікке жол берді. 12 брейк-пойнттың 4-еуін тиімді пайдаланды.
Қазақстан намысын қорғап жүрген Анна Данилинаның жұптық сында енді 14 WTA титулы бар.
Оның ішінде бір «Үлкен дулыға» жеңісін атап өткен жөн. 2023 жылы финляндиялық Харри Хелиовар екеуі US Open турнирінде аралас жұптық сында (микст) чемпион атанған болатын.
Бүгін басталатын US Open турнирінде отандасымыз жұптық сында бақ сынайды. Турнир кестесі әлі шықпады.