Лондонда өтіп жатқан Уимблдон турнирінің екінші айналымы аяқталды. Қазақстанның үш үздік теннисшісі жекелей сында сайысты жалғастыруда, деп хабарлайды ulyssport.kz.
Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина екінші айналымда әлемдік рейтингте 72-орында тұрған Лаура Зигемундпен (Германия) кездесіп, үш сетте 6:3, 3:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Жеребе кестесінің жоғарғы жағында ойнап жатқан отандасымыздың келесі қарсыласы әлемнің экс-бірінші ракеткасы, былтыр тенниске қайта оралған Каролин Возняцки. Даниялық теннисші, Үлкен Дулыға турнирінің чемпионы Возняцки үшінші айналымға өте тартысты матчтың нәтижесінде жетті. Себебі рейтингте 30-орында тұрған канадалық Лейла Фернандестен екі бірдей матч-пойнт сақтап қалып, жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп 6:3, 2:6, 7:5.
Рыбакина мен Возняцки осыған дейін кездеспеген. Қазақстандық теннисшінің Уимблдондағы үздік нәтижесі 2022 жылғы титул болса, ал 33 жасар Дания спортшысы аталмыш турнирде 6 рет төртінші айналымға ғана жеткен.
Бүгін Уимблдон кортына Александр Бублик АҚШ теннисшісі Томми Полмен жарыстың төртінші айналымына жолдама алу үшін шығады. Ойын Астана уақыты бойынша сағ. 15:00-ге жоспарланған.