"Қайрат" - "Реал" ойынына билет сатылатын күн мен бағасы белгілі болды

Дастан Кенжалин

«Қайрат» футбол клубы чемпиондар лигасының матчтарына билеттер сатылымы туралы ресми ақпарат жариялады, деп хабарлайды Ulyssport.

Фото: Қайрат ФК

Сатылымның басталу уақыты

Билеттердің сатылымы 23 қыркүйек күні сағат 17:00-де басталады. Билеттерді сатып алуға болатын ресми сайттар мен қосымшалар:
    •    fckairat.com
    •    Qairat Superapp
    •    ticketon.kz

Бір адамға екі билеттен артық берілмейді. Сатып алу кезінде ЖСН немесе төлқұжат деректерін көрсету міндетті. Бұл деректер стадионға кірген кезде мұқият тексеріледі.

Билет бағасы

Билет құны УЕФА-мен келісілген және барлық матчтарға бірдей белгіленген. Билет бағасы 30 000 – 250 000 теңге аралығында.

Клуб өкілдері мұндай баға саясаты турнирдің мәртебесін және оған деген жанкүйерлердің жоғары қызығушылығын көрсететінін атап өтті.

Әлеуметтік квоталар

Дәстүр бойынша билеттердің бір бөлігі әлеуметтік және клубтық квоталар бойынша бөлінеді. Олар:
    •    «Қайрат» ФК академиясының және филиалдарының бапкерлері мен тәрбиеленушілеріне,
    •    Паралимпиадалық спорт түрлерінің спортшыларына,
    •    «Қайрат» ФК қызметкерлеріне беріледі.

Жалған ақпаратқа сенбеңіз

Клуб билетті алдын ала сату немесе брондау туралы тарап жатқан ақпараттың жалған екенін ескертеді. Жанкүйерлерге бейресми арналар арқылы билет сатып алмауға кеңес беріледі.

Матчтың өзі 30 қыркүйекте сағат 21:45-те өтеді.