Бокстан әлем чемпиондары Қазақстанға оралды

Дастан Кенжалин

Бүгін, 16 қыркүйек күні Астана және Алматыда Ливерпуль қаласында өткен жаһандық доданың жеңімпаздарын салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Ulyssport.

Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

АСТАНА

2025 жылы көпшілік асыға күткен бокстан World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Ливерпуль төрінде 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте топ жарған болатын.

Спортшыларды ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Бердалин, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, туған-туыстары, спорт жанкүйерлері құшақ жая күтіп алды.

Олардың қатарында ағайынды Оралбайлар, Санжар Тәшкенбай, Бекзат Нұрдәулетов, Сабыржан Аққалықов, Сағындық Тоғамбай мен бас бапкер Қайрат Сәтжанов бар.

АЛМАТЫ

Сонымен қатар, бүгін Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы Ливерпульде (Англия) өткен әлем чемпионатында үш алтын, бір күміс және екі қола жүлде жеңіп алған Қазақстан әйелдер құрамасының боксшыларын әуежайда салтанатты түрде қарсы алды.

Алматы спорт басқармасының басшысы Алуа Балқыбекованы, Аида Әбікееваны, Назым Қызайбайды, Елдана Тәліпованы және Виктория Графееваны әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленіп, сәтті өнер көрсетулерімен құттықтады.