Әлемнің екінші ракеткасы Карлос Алькарас Шанхайдағы "Мастерс" турнирінің ширек финалында чехиялық Томаш Махачқа есе жіберді, деп хабарлайды ulyssport.kz
6/7(5), 5/7 есебімен аяқталған матч 1 сағат 55 минутқа созылды. Бұл жеңіспен Махач Алькарасқа қарсы жекелей кездесулердегі есепті теңестірді – 1:1. Чехиялық теннисші мансабында үшінші рет ТОП-10 ойыншысын жеңіп отыр (бұған дейін 11 рет жеңілген).
23 жастағы Махач алғаш рет "Мастерс" турнирінің жартылай финалына шықты. Бұған дейінгі ең үздік нәтижесі 2024 жылы Майамидегі ширек финал болатын. Ол Шанхайдағы "Мастерс" турнирінің жартылай финалына шыққан екінші чехиялық спортшы. Бұған дейін 2012 жылы бұл жетістікке Томаш Бердых жеткен еді.
Келесі аптада Махач ATP рейтингінде алғаш рет ТОП-30 қатарына енеді. Қазіргі тірі рейтингте ол 25-орында тұр.
Rolex Shanghai Masters турнирінің жартылай финалында Махач италиялық Янник Синнермен кездеседі.