Синнер Шанхайдағы "Мастерс" турнирінің финалында Джоковичті жеңді

Редакция Ulyssport

Әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнер Шанхайдағы "Мастерс" турнирінің финалында серб Новак Джоковичті жеңіп, қатарынан екінші "Мастерс" титулын жеңіп алды, деп хабарлайды ulyssport.kz

Shanghai Masters

Финалдық матч 1 сағат 39 минутқа созылып, 7:6 (7:4), 6:3 есебімен Синнердің пайдасына аяқталды. Итальян теннисшісі сегіз эйс жасап, бір брейк орындады. Джокович төрт рет эйс жасап, екінші матч қатарынан Синнерге қарсы бірде-бір брейк-пойнт иелене алмады.

23 жастағы Синнер үшін бұл қатарынан екінші "Мастерс" жеңісі. Бұған дейін ол 2024 жылдың тамызында Цинциннатиде өткен турнирдің финалында америкалық Фрэнсис Тиафоны жеңген болатын.

2024 жылдың маусымында Синнер ATP рейтингінде бірінші орынға көтеріліп, тарихта мұндай нәтижеге қол жеткізген алғашқы итальян және 29-шы ойыншы атанды.

Синнердің еншісінде ATP турнирлерінің 17 титулы бар. Ол 2024 жылы алғаш рет US Open-ды жеңіп алды. Бұған дейін ол Australian Open-2024 жарысында да топ жарған болатын. Сондай-ақ, Синнер Италия құрамасы сапында 2023 жылғы Дэвис кубогының иегері.