Павлодар – Астана тас жолындағы апатта “Жеңіс” клубының футболшысы Виктория Кайсаринова қаза тапты, деп хабарлайды Ulyssport.
Клубтың мәлімдемесі
Бұл ақпаратты “Жеңіс” ФК-ның баспасөз қызметі растады:
– «Павлодар – Астана тас жолында болған жол апаты салдарынан біздің команда ойыншысы Виктория Кайсаринова қаза тапты. Жүргізуші жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, қашықтықты сақтамаған. Салдарынан көлік жүк көлігімен соқтығысқан. Бұған әлі де сену қиын. Бұл – бүкіл клуб үшін ауыр әрі орны толмас қаза. Виктория жарқын спортшы әрі нағыз дос болды. Біз оның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Ол әрдайым жүрегімізде қалады, – делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, күні кеше Павлодар облысында жол апатынан бес адам қаза тапты. Полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты салдарынан Toyota маркалы көлік өртеніп кеткен.