Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты тарихта алғаш рет Оңтүстік-Шығыс Азияда өтпек. 53-ші әлем біріншілігі Индонезияның Джакарта қаласында ұйымдастырылады. Бұл додаға әлемнің үздік гимнастары жиналмақ. Олардың қатарында Қазақстан құрамасының өкілдері де бар, деп хабарлайды Ulyssport Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Қатысушылар тізіміне көз жүгіртсек, бәсекелестік жоғары деңгейде болатыны байқалады. Соңғы жылдары көптеген көшбасшы спортшылар түрлі халықаралық жарыстарды өткізіп алған еді. Ал бұл жолы барлығы дерлік Джакартада бас қосады. Индонезияда бірден алты Олимпиада чемпионы мен ондаған жүлдегер бақ сынайды.
Әйелдер арасында алжирлік Кейлия Немур сынға түссе, ерлер бәсекесінде жапониялықтар Ока Синносуке мен Даики Хасимото, Филиппиннен Карлос Юло, сондай-ақ қытайлықтар Цзоу Цзинъюань мен Чжан Бохэн жарыстағы бәсекенің көркін қыздырмақ. Көптеген гимнаст үшін бұл чемпионат - 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына апарар жолдағы алғашқы ірі дода болмақ.
Жекелей сайыс тартысқа толы болмақ. Париж Олимпиадасында қос алтын алған Карлос Юло тағы да әлемнің мықты гимнастарына қарсы өнер көрсетеді. Қытай құрамасы қоссырық пен сақиналардағы жаттығуда жеңіске жетуді көздесе, жапондар барлық снарядтарда тұрақты нәтиже көрсетуге тырысады. Бәсеке өте қызу болмақ, сондықтан болар-болмас ұпайдың өзі медаль тағдырын шешіп кетуі ықтимал.
Джакартада әйгілі спортшылармен қатар, Әлем кубогы кезеңдерінде көзге түскен жас гимнастар да бақ сынайды. Солардың бірі - армениялық Гамлет Манукян. Ол отандасымыз Нариман Курбановтың ат снарядындағы жаттығуда басты қарсыластарының бірі болмақ. Жақында 18 жастағы Гамлеттің атымен жаңа элемент аталды (айтпақшы, Курбановтың да өз атымен аталатын элементі бар). 2025 жылы Манукян Еуропа чемпионы атанған болатын. Енді ол Париж-2024 Олимпиадасының жүлдегері, қазақстандық Курбановпен бақ сынасады.
Айта кетсек, алдын ала жарияланған тізімде Нариманмен Парижде тайталасқан кейбір қарсыластардың ісімі жоқ. Дегенмен құрамаларда өзгеріс болуы мүмкін, сондықтан Олимпиада жеңімпаздары Джакартада тағы да өнер көрсетуі ғажап емес.
Қазірдің өзінде қағаз жүзінде Нариман Курбанов жарыстың негізгі фавориті саналады. Әзірге құрамалар қай снарядтарға кімдерді шығаратыны белгісіз болғандықтан, нақты болжам жасау ерте.
Қазақстан ерлер құрамасының толық тізімі:
- Нариман Курбанов (ат снарядындағы жаттығу)
- Милад Карими (кермедегі және еркін жаттығулар)
- Дмитрий Патанин (еркін жаттығулар, қоссырық және сақиналарда орындалатын жаттығу)
- Ілияс Әзізов (еркін жаттығулар, қоссырық және кермеде орындалатын жаттығу)
- Диас Тойшыбек (ат снарядындағыжаттығу, қоссырық және кермеде орындалатын жаттығу)
- Зейнолла Ыдырысов (ат снарядындағы жаттығу)
Милад Карими 2023 жылы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алған еді. Ол еркін жаттығуда үшінші орынды иеленген болатын. Ал 2024 жылғы Олимпиадада бесінші нәтиже көрсетті. Енді ол тағы да әлем біріншілігінде жеңіс тұғырына көтерілуге тырысады.
Сонымен қатар Дмитрий Патанин мен Зейнолла Ыдырысов та жүлде үшін күресуге қауқарлы. Екеуі де халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсетуде. Егер бағдарламаларын мінсіз орындаса, Диас Тойшыбек пен Ілияс Әзізов те жоғары нәтижеге жете алады.
Жалпы алғанда, ұлттық құраманың әлеуеті мықты әрі бәсекеге қабілетті. Мүмкін, Қазақстан қоржынына тарихта үшінші рет әлем чемпионатының медалі түсер. Айта кетейік, алғаш рет қазақстандық гимнаст Сергей Федорченко 1997 жылы әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, қол тіреп секіруде топ жарған болатын.
Алдағы чемпионат Қазақстан үшін соңғы жылдардағы тарихи жетістіктерден кейін өз деңгейін тағы да дәлелдеуге тамаша мүмкіндік болмақ. Дегенмен спорттық гимнастика - өрескел қателікті кешірмейтін спорт түрі. Сол себепті басты мақсат - бағдарламаны жоғары деңгейде әрі мінсіз орындау.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 19-25 қазан аралығында өтеді.