Елдос Сметов татамиге оралады

Дастан Кенжалин

 28 қарашада Абу-Дабиде (БАӘ) дзюдодан халықаралық Grand Slam турнирі басталады. Осы орайда ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобазде Olympic.kz сайтына берген сұхбатында дайындықтың жай-жапсары жайлы айтып, өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulyssport.

Фото: ҰОК

- Эр-Риядта өткен жарыста белдескен спортшыларға баға берсеңіз. Неліктен дәл осындай құрамды шығаруды жөн көрдіңіз?

 

- Ислам ойындары біз үшін ойдағыдай өтті деп есептеймін. Бұған дейінгі Ислам ойындарында Қазақстан құрамасы небәрі бір қола және екі бесінші орынмен шектелген еді. Биылғы нәтижеміз бұдан әлдеқайда жақсы: бір алтын, үш күміс және үш қола жүлде еншіледік.

Әрине, одан да жоғары нәтиже көрсеткіміз келді. Әсіресе, 60 келі салмақта алтын алуға мүмкіндік болды. Дегенмен жалпы команданың өнеріне көңілім толады.

- Абу-Дабидегі жарысқа көшбасшылар аттанды. Неліктен осы доданы таңдадыңыздар?

- Біріншіден, бұл жолы жарыстың деңгейі жоғары боларын алдын ала білдім. Екіншіден, Ислам ойындары жыл соңындағы соңғы дода емес. Желтоқсанда бізді жалпы дайындық кезеңі күтіп тұр. Егер Жапониядағы турнирге қатыссақ, одан кейін бірден сол жиынға қатысуға уақыт та, мүмкіндік те болмайтын еді.

Сондықтан келесі маусымға дайындықты дәл қазірден бастау қажет. Келер жылы өте көп жарыс болады. Биыл жарысқа жиі қатыса алмадық. Себебі құрама толық дайын болған жоқ. Оқу-жаттығу жиындарына көп уақыт бөлдік. Ал алдағы жылы барлық жарыста өнер көрсетеміз.

- Жалпы биылғы маусымды қалай бағалар едіңіз?

- Мен әзірге бұл жылға баға беруге асықпаймын. Маусымның немесе жекелеген жарыстардың нәтижесін ерте саралаған дұрыс емес деп ойлаймын. Әуелі спортшыларға өзін көрсету үшін мүмкіндік беруіміз керек. Олимпиадалық цикл аяқталған соң ғана нақты қорытынды жасаймыз. Қазірдің өзінде өтіп жатқан жарыстардың бәрі - үлкен дайындықтың бір бөлігі ғана.

- Елдос Сметов қашан сапқа оралмақ? Алдағы турнирлерге қатыса ма?

- Елдос келесі жылы татамиге оралады. Оны ешқайда асықтырмаймыз. Спорттық бабына еніп, қалпына келген соң ғана қай жарысқа қатысатынын бірге ақылдасып шешеміз.

- Келер жылға құрам қалай жасақталады? Құрамаға жаңадан қосылатын балуандардың ішінде қазірден нақты атап айта алатын есімдер бар ма?

- Жақында Қазақстан чемпионаты өтті. Сол жарыстың нәтижесіне қарай құраманы жасақтап алдық. Командада ел біріншілігіне қатыспаған, бірақ негізгі құрамға кіретін мықты спортшылар да бар. Қазір өте жақсы ұжым қалыптасып келеді, бізге тек уақыт керек. Барлығы ойдағыдай боларына сенемін. 

Тағы қайталап айтарым: біздің басты мақсатымыз - Олимпиада, Азия ойындары және өз жерімізде өтетін әлем чемпионаты. Осы үш басты доданың барлығына біз 100 пайыз дайын боламыз.