Жәнібек Әлімханұлынан жекпе-жек алдында допинг анықталды

Дастан Кенжалин

Қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлы мен кубалық Эрисланди Лара арасында 6 желтоқсанда өтуі тиіс болған жекпе-жек өтпейтін болды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: instagram

Premier Boxing Champions ұйымдастырушылары Әлімханұлын жекпе-жек тізімінен алып тастағанын жариялады. Енді Лараның жаңа қарсыласы – 34 жастағы колумбиялық боксшы Йохан Гонсалес.

Бұған дейін америкалық журналист Дэн Рафаэль VADA есебін жариялап, онда Әлімханұлының допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты табылғанын жазған.

Бұл мәліметтер жария болғаннан кейін боксшы ресми мәлімдеме жасады. Ол әрқашан таза спортты қолдайтынын айтып, екінші талдаудың қорытындысына өзі де таңғалғанын жеткізді.

– Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таң қалып отырмын. VADA бірінші рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отырмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз!, – деді ол.